Алия Мударисова
Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 571 жылдың 20-сәуірі, дүйсенбі күні Меккеде дүниеге келді. Әкесі – Абдуллаһ, анасы – Әмина.
Дүниеге келген шағында зыр жүгіріп қызмет еткен әйелдер: Шифа, Фатима, оларға Үммү Әйман да қолғабыс жасаған. Олардың айтуынша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыларда үй іші нұрға толып кеткен. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ИбраҺимнің (ғ.с.) дұғасын алған, Иса (ғ.с.) пайғамбар оның келетіндігін алдын ала сүйіншілеген, анасы Әмина оны түсінде көрген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылмай тұрып, әкесі ауырып көз жұмған. Мәдинада жерленген. Сондықтан ол әкесін көре алмады. Төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың, одан кейінгі екі жыл өз анасы Әминаның қолында өсті. Алты жасында анасы Әмина оны туған-туыстарын аралатып, әкесінің қабірін зиярат етіп қайту үшін Мәдинаға апарды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атасы Абдулмұтталибтың шешесі Сәлма мәдиналық болғандықтан, сол жақта туыстары тұратын. Әкесінің қабірі нағашы ағасы Нәбиғаның ауласында еді. Хазреті Әмина баласымен бірге күйеуі Абдуллаһтың қабірін зиярат етті. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыстарымен танысып қай
Пайғамбарымыздың қысқаша өмірбаяны
Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 571 жылдың 20-сәуірі, дүйсенбі күні Меккеде дүниеге келді. Әкесі – Абдуллаһ, анасы – Әмина.
Дүниеге келген шағында зыр жүгіріп қызмет еткен әйелдер: Шифа, Фатима, оларға Үммү Әйман да қолғабыс жасаған. Олардың айтуынша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыларда үй іші нұрға толып кеткен. Сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ИбраҺимнің (ғ.с.) дұғасын алған, Иса (ғ.с.) пайғамбар оның келетіндігін алдын ала сүйіншілеген, анасы Әмина оны түсінде көрген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туылмай тұрып, әкесі ауырып көз жұмған. Мәдинада жерленген. Сондықтан ол әкесін көре алмады. Төрт жасына дейін сүт анасы Халиманың, одан кейінгі екі жыл өз анасы Әминаның қолында өсті. Алты жасында анасы Әмина оны туған-туыстарын аралатып, әкесінің қабірін зиярат етіп қайту үшін Мәдинаға апарды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) атасы Абдулмұтталибтың шешесі Сәлма мәдиналық болғандықтан, сол жақта туыстары тұратын. Әкесінің қабірі нағашы ағасы Нәбиғаның ауласында еді. Хазреті Әмина баласымен бірге күйеуі Абдуллаһтың қабірін зиярат етті. Хазреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туыстарымен танысып қайтты. Қайтып келе жатып Әбуа атты жерге жеткенде Әмина анамыз ауырып қайтыс болады. Сүйегі сонда қойылды. Осы сапарға бірге шыққан Үммү Әйман пайғамбарымызды (с.ғ.с.) Меккеге әкеліп, атасының қолына табыстайды.
Алты жасынан сегіз жасқа дейін атасы Абдумұтталибтың тәрбиесінде болды. Атасы өлер алдында әкесінің бауыры Әбу Тәліптің үйін паналауды өсиет етеді. Көкесінің қойларын бағып, зыр жүгіріп үйдегі жұмыстарға да қолғабыс тигізеді. Он үш жасынан бастап саудаға араласып, ерекше адалдығымен көзге түседі.
Жиырма бес жасқа келгенде хазреті Хадиша( р.а.) анамызға үйленді. Ол кезде Хадишаның жасы қырықта еді. Оған үйленерде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ел ішінде сенімділігі мен танымалдығы үлкен рөл ойнайды.
Отыз бес жасында Қағбаға тасты қоюға таласқан тайпалар арасын татуластырды. Әділ төрелік етті. Олардың арасында тұтанғалы тұрған қақтығысты болдырмады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қырық жасқа жақындағанда елден жырақ кетіп, жаратылыстың тылсым құпияларына оңашада ой жіберуге құмартты. Ара-тұра Хира тауындағы үңгірге барып-тұруды әдетке айналдырды. Қырық жасқа толған 610 жылдың Рамазан айында Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы уахи жолымен ең алғашқы «Оқы! Жаратушы Раббыңның атымен оқы!» деген аяттар түсті. Осыдан барып Жаратушы тарапынан оған «Пайғамбарлық» міндет жүктелді.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шақыруымен Ислам дінін алғашқылардың бірі болып хазреті Хадиша (р.а.), Әли (р.а.), Харисұлы Зәйд (р.а.) және Әбу Бәкір (р.а.) қабылдады. Артынша хазреті Оспан (р.а.), Ауфұлы Абдуррахман (р.а.), Әбууаққасұлы Саад (р.а.), Талха (р.а.) мен Зүбәйрлер (р.а.) тілін кәлимаға келтіріп мұсылман болды. Алғашқыда Пайғамбарымыз (ғ.с.) және оған ергендер пұтқа табынушылар тарапынан көп қиындық көрді. Тіпті хазреті Ясир мен әйелі Сүмәйя Аллаһ жолында жанын қиып, алғашқы шейіт болды. Біләл (р.а.), Әбу Фуқаһа (р.а.), Әратұлы Хаббаб (р.а.) секілді ер кісілер мен қатар Үммі Абис ( р.а.), Нәхдия (р.а.) мен Зиннира (р.а.) секілді әйел мұсылмандардың да басына қайғы бұлты үйірілді.
Пайғамбарлықтың алтыншы жылы Хамза (р.а.) мен Омар (р.а.) сияқты нағыз қаһарман ер жүрек кісілер Исламды қабылдады. Сол жылдары кейбір мұсылмандар Аллаһ елшісінің рұқсатымен Эфиопияға көшті. Пұтқа табынатындар мұсылмандарды оқшаулап жұртпен араласуға шектеу қойып, құртып жіберудің айла-шарғысын жасап бақты. Олармен сауда жасауға, араласуға қатаң тыйым салды. Бұл үш жылға созылды. Пайғамбарлықтың оныншы жылы хазреті Хадиша (р.а.) мен Әбу Тәліп қатар көз жұмды. Дін дұшпандарының зорлық-зомбылығы тіптен арта түсті. Өйткені, олар беделді де, абыройлы пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көп қолдау көрсеткен жақындары еді. Қатты қайғырған Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) өзіне қолдау іздеп Тайыф қаласына барды. Бірақ, тайыфтықтар оны келеке етіп таспен атқылап, үсті-басын қан-жоса етті. Шаһар сыртындағы тауды паналап әрең аман қалды.
Осындай аса қиын- қыстау кезеңде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінде «Миғраж» оқиғасы орын алды. Аллаһ тағаланың құзырына барып, оның бірқатар бұйрықтарын тікелей Өзінен естіп-біліп қайтты. «Исра» сүресінің 22-39 аяттарында айтылатын 12 бұйрық та осы түні түскен болатын.
Қиындықтардың ешқайсысына мойымай Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) Исламды уағыздауды жалғастыра берді. Арада бір-екі жыл өткенде «Ақаба анттары» қабылданды. Артынша-ақ, Аллаһ тағаланың аян беруімен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) нұсқауымен мұсылмандар Меккеден Мәдинаға көшті. Хижра жыл санауы осылай басталған болатын. Жұрттың соңында Расулымыз (с.ғ.с.) қасына Әбу Бәкірді (р.а.) ертіп Меккеге жол тартады. Пұтқа табынушылар олардың ізін өкшелеп Сәуір үңгіріне дейін қуып барады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеден Мәдинаға көшкен мұсылмандарды – мұһажирлар, ал, оларға қол ұшын берген мәдиналықтарды – ансарлар (бауыр) деп жариялады. Мүшріктер мен мұсылмандар арасында Бәдір, Ұхуд, Хандақ, Мүрәйсі секілді бірнеше соғыстар болды. Мәдина маңайын бұрыннан мекен етіп келе жатқан иаһудилер бар еді. Қайнұқа, Нәдір мен Құрайза деп аталатын бұл иаһуди тайпалары мұсылмандармен тістесіп, тіресуін қоймады. Үнемі арадағы келісімдерді орындамай бұзып отырғандықтан, олар ол маңнан қуылады.
630 жылы Меккені азат етті. Кезінде өзі қуылған Меккеге қайта басып кіргенде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзіне жаманшылық жасағандардың барлығын кешірді.
Аллаһ елшісі(с.ғ.с.) 632 жылы қажылық кезінде Арафатта жүз мыңнан аса мұсылмандарға арнап сөз сөйледі. Исламның қысқаша түсінігі, адам құқықтары жөнінен өте үлкен мәнге ие бұл сөзі Ислам тарихында қоштасу хұтпасы деп аталды.
Ислам дінін асқан сабырлылықпен, үлкен ыждағаттылықпен адамзат баласына жеткізген сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) 632 жылы дүйсенбі күні бақилыққа аттанды. Жаназа намазы өз үйінде оқылып, ол жерге арулап жерленді.
Ағынан ақтарылу
Батыс ойшылдары Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар туралы
«Мен мынаны мойындаймын; Мұхаммед – ғажап бір күш. Жаратушы мұндай кісіні екінші рет жарата қоймас. Ей, Мұхаммед, сенің замандасың бола алмағаныма қатты өкінемін. Өзің таратқан мына кітап сенікі емес. Ол Құдайдікі. Бұл кітаптың Аллаһтан екенін мойындамау – ғылымды түгелдей жоққа шығарғанмен бірдей күлкілі нәрсе. Адамзат баласы сен секілді ғажап адамды бір-ақ рет көрді, ендігәрі көре алмас. Мен сенің алдыңда құрметпен бас ием»
Пренс Отто Вон Бисмарк.
«Саған жапқан жаламыздың бәрі шындығында біз үшін өте ұят. Ол – жаны жайсаң, тұлғасы биік, барынша байсалды жан. Мақсаты – дүниені жарыққа бөлеу болды. Өйткені, мұны Жаратушының өзі оған бұйырған».
Томас Карлиль.
«Мұхаммедтің ақыл-парасаты патшалық сән-салтанаттың өзін түкке тұрғысыз, өте қарабайыр деп білді. Аллаһтың елшісі өз отбасында қызметші секілді от жағып, үй сыпырды, қой сауып, киімдері мен аяқ киімдерін өзі тікті. Мемлекет әрі дінбасы екенін "ұмытып", таза табиғи қалпынан аумай-ақ, тақуа ғұмыр кешті».
Эдуард Гиббон.
«Ол мемлекеттің де, мешіттің де басшысы. Бір өзі Цезарь, бір өзі Папа десе болады. Бірақ бітімі бөлек. Папаның жасандылықтарынан аулақ Папа, арнайы қорғаушысы, тұрақты қарулы әскері, полиция күші, не тұрақты кірісі жоқ Цезарь. Егер тарихта қай жағынан алсаңыз да, Құдайлық негізге сай үкім берген бір жан болса ол сөзсіз Мұхаммед болып шығады. Өйткені, ол ең мықты бола тұра күштілікке елеусіз қарады. Өмірі қаншалықты қарапайым болса, халықтың арасында да сол әдетінен айныған жоқ.
Мұхаммедтің дінінде барлық нәрсе басқаша. Ол жайындағы тарихи мәліметтер көлеңкелі, қалтарыс-бұлтарысты емес, барынша айқын. Оның өз міндетін бастауындағы ішкі жағдаяттары да бізге жақсы аян, өйткені, оған ешқандай күмән келтірілмейтіндігі Құран арқылы қуатталған».
Реверед Босуорт Смит.
«Егер мақсаттың ұлылығы сайманның аздығы, нәтиженің таңғаларлығы, адам данышпандығы арқылы өлшенетін болса, жаңа кезеңде Мұхаммедпен кім теңесе алады? Мұхаммед – философ, шешен, елші, тапқыр. Адамның ұлылығын анықтайтын өлшемдер шеңберінде қарастырып көрейікші, одан өткен ұлы адам бар ма?»
Альфонс де Ламартин.
«Алдағы жүз жылдықта Англияны, жо-жоқ, бүкіл әлемді жайлайтын бір дін болса ол – Ислам болуы мүмкін. Кісі таңғаларлық шапшаңдығы үшін мен Мұхаммедтің дінін өте жоғары бағалаймын. Бұл дін тұрмыстың барлық жағдайларына бейімделе алатын, қай ғасырға да сай дін ретінде көзге түсуде. Ол ғажап кісіні мен зерттедім. Оны адамзаттың құтқарушысы деп білген жөн. Дәл сондай бір адам қазір әлемді басқарса, бейбітшілік пен татулықты орнықтыра отырып, барлық мәселелерді шешер еді. Мен былай топшылаймын: Мұхаммедтің сенімін ертеңгі Еуропа қабылдайды, оны тіпті бүгінгі Еуропаның өзі қабылдай бастағаны белгілі»
Бернард Шоу.
«Әлемге үлкен өзгеріс әкелген адамдардың ең алдыңғысы ретінде Мұхаммедті қоюыма кейбір оқырмандарым таңғалуы мүмкін. Алайда, тарихта рухани әрі материалды салада бірдей жетістікке жеткен адам жалғыз ғана Мұхаммед екені даусыз. Мұхаммедтің Исламға деген ықпалы Иса Мәсіх пен Қасиетті Павелдың Христиан дініне жасаған ықпалынан әлдеқайда басым. Мемлекет жүйесі мен дін жүйесін қатар түйістіре білуінен-ақ, оның тарихтағы ең ықпалды тұлға екенін көреміз».
Майкл Харт.
«Ол ұмми болса да ғалам кітабын өте жақсы оқығандықтан өзімен тайталасқан небір оқымысты, ақылдыларға дес бермеген. Сондай-ақ, ізінен ергендер арасындағы деңгейі ең төмендермен де оңай тіл табыса білген. Теңдессіз шешендік пен арды, сезімталдықты бір жерге түйістіре алуы оның ықпалын арттыра түсті. Оның риясыз, шын пейілмен іс жасайтындығы жүзінен-ақ белгі беріп тұрған. Бұл – адамға деген үлкен ізет-құрметін білдіретін. Ол оқымыстыны да, хат танымайтын адамды да баурап алатын, оларға бағыт-бағдар сілтейтін тамаша қасиетке ие болған»
Чарлз Стюарт Миллс.
«Мұхаммед – өмір шындығын бүкпесіз ұғына біліп, оны ғұмырының арқауы еткен тарихтағы санаулы бақытты адамдардың бірі. Ол – Аллаһ тағаланың елшісі. Өмірінің соңына дейін өзінің кім екенін ұмытпай, жаратылыс мақсатын ұқтыратын қызметін қалтқысыз атқара білді. Хақтан алған хабарларын өте үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, сондай бір байсалдылықпен әрі асқан кішіпейілділікпен "өте дәмді" етіп халыққа жеткізе білді».
Станлэй Лан-Пул.
"ИМАН" журналынан алынды.
ХАЗІРЕТІ ПАЙҒАМБАРДЫҢ КИЕЛІ ЖАРАТЫЛЫСЫ МЕН КӨРКЕМ МІНЕЗІ
Мұхаммед Мұстафа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қиямет қайымға дейінгі болашақ нәсілдерге теңдесіз үлгі-өнеге болатын ең ұлы тұлға. Ол – барша әлемнің мырзасы. Оның кемелдігі мен ұлы тұлға болуының іргесі – көркем мінез-құлқының арқасы. Ол туралы Құран Кәрімнің Қалам сүресінде былай делінген: «Сөзсіз, сен ұлы (көркем) мінезге иесің». (Қалам сүресі 4-аят) Ол тек сөз жағынан Құранды үйреткен мұғалім емес, ондағы иләһи бұйрықтарды өз өміріне енгізіп, Құранның жанды үлгісі бола білген қасиетті жан.
Сахаба Жәбир (р.а.) келтірген хадисте Хазіреті Пайғамбар (с.а.у.):
«Аллаһ Тағала мені көркем мінез-құлықты толықтыру үшін жіберді» деген. ( Муатта 904; Бәйхаки, әс-Сунәнул Кубра Х, 192)
Оның көркем қасиеттерінен үзінді
Нұрлы келбетінде тартымдылық пен іс-қимылы, айтқан сөзі мен шешендігі байқалатын. Артық сөз сөйлемей, әрбір сөйлеген сөзі даналық пен үгіт-насихатқа толы еді. Оның киелі аузынан ешқашан өсек, яки, бос сөз шыққан емес-ті. Қарсы алдында тұрған адамның түсінігіне қарай сөйлеп қарым-қатынас жасайтын. Ол әрқашанда сыпайы, кішіпейілді және жайдары болатын. Тіпті оның тарқылдап күлгенін көрген жан жоқ еді. Оны кенеттен көріп қалған адам именіп қалатын, ал онымен сұхбаттасқан адам, оған шын жүрегімен ғашық болып сүйетін-ді. Зиялы қауым өкілдеріне де, олардың мәртебелеріне де үлкен құрмет көрсететін. Туған-туысқандарына ерекше көңіл бөліп, оларға да құрметпен қарайтын. Өз отбасына сондай-ақ, ардақты сахабаларына да жақсы қарым-қатынаста мәміле жасайтын. Қол астындағы қызметшілеріне де жылы шыраймен қарап, олардың ризашылығына бөленіп, өзі не ішіп-жесе, не кисе оларды да ішкізіп-жегізіп, киіндіретін. Қашанда мейірімі мол ерекше қамқоршы еді. Кезі келсе батылдылық танытып, кейде жұмсақ мінезін көрсететін-ді. Берген уәдесіне берік, сөзіне шыншыл еді. Мінез-құлқы мен ақылдылығы, парасаттылығы тұрғысынан барлық адамзаттан үстем әрі ұлы мақтауға лайық еді. Қысқаша айтар болсақ, дене бітімі әдемі, жаратылысы кәміл, теңдесі жоқ киелі жан болатын. Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қажет деп тапқан кезде ғана сөйлеп, көбінесе үнсіз әрдайым терең ойларда жүретін. Бір сөзді бастағанда, әңгімесін толығымен жеткізіп, әрбір айтқан сөзінің астында астарлы мағына жататын. Жаратылысы жұмсақ болғанымен, асқан дәрежеде берік те айбатты еді.
Хаққа қарсы шығуда болмаса басқа уақыттары ашуланбайтын. Ашуланғанда да орнынан түрегелмейтін. Ешкім біле бермейтін ақиқат тапталса да ашуланып, қашан ол ақиқат орнына келмейінше ашуы басылмай, тек ақиқат өз орнын тапқаннан кейін барып ашуы тарқап, тынышталатын. Өзі үшін мүлдем ашуланған емес-ті. Өзін ойлап мүддесін қорғау үшін ешкіммен дауласпайтын.
Ол ешкімнің үйіне иесі рұқсат бермейінше кірмейтін. Өз үйіне келгенде де үйде өткізетін уақытын үшке бөлетін: Бір бөлігін – Аллаhқа құлшылық жасауға, екінші бөлігін – отбасына, үшінші бөлігін – өзіне. Адамдарды ақ-қара деп бөлмей, барлығына бірдей қарап, оларды риза ететін. Сондай-ақ әрбір іс-қимылын зікірмен орындайтын-ды.
Кімде-кім одан қажет бір нәрсе сұраса, сұраған нәрсесі маңызды ма жоқ па, оны бермейінше көңілі тыныштық таппайтын. Егер сұраған нәрсесі табылмаса, ол мұқтаж адамның көңілін қалдырмай, жылы сөздермен шығарып салатын. Әркімнің қайғы-қамына да ортақтасатын. Адамдарды бай немесе кедей, ғалым, яки, надан деп қарамайтын. Бәріне бірдей адамзат баласы ретінде мәміле жасайтын. Мәжіліс жасағанда сыпайы, ғылыми және сабырлылықпен өткізетін. Қателігі мен кемшілігіне бола ешкімді кекетпейтін. Ескерту жасағанның өзінде де қасындағы адамды ренжітпей, сыпайы түрде ымдап қана қоятын. Ешкімнің айып-қателіктерінің соңына түсіп аңдымайтын және бұлай істейтіндерге тыйым салатын. Бұл туралы, яғни өзгелерге жаман ойда болу, олардың артына түсіп аңду Аллаһ Тағала тарапынан да рұқсат етілмеген.
Оның көркем мінез-құлқын бойымызға сіңіру
Ислам Тарихында «бақытты шақтан» бастап, қазіргі таңға дейін келген ұлылар мен даналар оның әсем де көркем жаратылыс қасиеттеріне қол жеткізгендерінің арқасында, ел тағдырына аса маңызды үлес қосқан «ұлы көсемдер» деп аталды. Оны шынайы таныған ғашық жүректер оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мінез-құлқын өз бойларына сіңіре білді. Олар хадис шәрифте айтылғандай «нағыз палуан» деген сипатқа ие болды. Аллаһ Тағаланың өмір мен өлімге қойған заңы мен мақсатын дұрыс түсініп, өтпелі ләззаттар мен әуестерге көңіл аудармай, тек салих амалдар орындауға ғана бел буды. Осылайша алған ілімдері мен саналы парасаттылықтарының арқасында Хақ Тағалаға және халыққа қызмет жасап өз құлшылықтарында ерекше өмір сүрді. Яғни, Аллаһ Тағала ұлы пайғамбарының көркем мінезін үлгі тұтқан жандарды абыройға бөлеп, оларды абат қылды. Иман келтірмес бұрын өз қыз баласын тірідей топыраққа көмген Омар һидаятқа қауышып, Хазіреті Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тәрбиесімен өсті. Оның жаратылысын үлгі тұтқаннан соң бойына мейірімділік пен қамқорлық қалыптасып мемлекет басшылығына дейін көтерілді. Тіпті, Мәдинаға мыңдаған шақырым қашықтықтағы «Дижла» өзенінің жағалауында жайылып жүрген қойларды қасқыр талап кете ме екен деп, уайымдайтын сезімде болды.
Аллаһ оған құрметсіздікпен қарағанды кешірмейді
Хазіреті Пайғамбардың ұлы да кемелді жаратылысының мәңгілікке жеткізер күшті ықпалынан бет бұрғандарды Аллаһ Тағала әрқашан бетпақ қылып, игі істерден мақрұм қалдырады. Оған дұшпандық жасағандарды да ауыр жазалайды. Ондай адамдар күйзелтуші азапқа душар болады. Ұлы дана Хазіреті Мәуләнә былай деген:
«Бір кісі Пайғамбарымыздың мубарак атын мазақтаймын деп, сол айтқан арам ниетінің салдарынан аузы қисайып қалды. Сонан соң істегеніне өкініп, пұшайман болды да:
«Ей, Тәңірлік білімнің құпиялары өзіне аян болған Мұхаммед! Мені кешір. Мен надандығымнан сені мазақ қылдым. Негізінде нағыз мазақталатын адам – мен екен», деп жалбарынды».
«Дүниеге сәулесін шашып, жарық беріп тұрған күн секілді адамды кекетіп, одан кемшілік іздеу, негізінде: «Менің екі көзім де көр, қараңғы» деп, өз өзіне айып тағып, жамандағаны».
Хазіреті Пайғамбардың жаратылысына мін тағу – Аллаһты ашуландырады. Мұны Хазіреті Мәуләнә тағы да былай деп жеткізеді:
«Аллаһ Тағала біреудің абыройын төгіп, айыбын паш еткісі келсе, оның жүрегіне адал адамдарды кінәлау ойы мен қалауын туғызады».
Хақ Тағаланың алдында абыройға бөлену
Алаһ Тағаланың алдында абыройға бөленіп, құрмет-беделге ие болуымыз үшін, өзге адамдардан кемшілік іздеместен әуелі өз қателіктеріміз бен кемшіліктерімізге көңіл аударып, оларды түзетуге тырысып баққанымыз жөн. Бұл туралы Хазіреті Мәуләнә былай дейді:
«Аллаһ пендесінің кемшілігін жасыруды қаласа, ол пенде нәпсі құмарлыққа алданып күнәға батқан адамдардың кемшілігін іздестірмейтін әрі ондай істермен шұғылданбайтын халге жетеді».
«Аллаһ медет берейін десе, жүрегіміз жылап жалбарынуға ынтық болады. Аллаһ ғашықтығында сорғалаған көздің иесі қандай бақытты! Аллаһ ғашықтығымен тұтап жанған жүрек неткен жақсы жүрек!».
«Әрбір жылап еңіреудің соңы – күліп қуану. Сондықтан, әр оқиғаның соңына шыдаған жан қуанышты да бақытты болады. Өзен қайда болса ол көгереді. Сондай ақ, көз жасы Аллаһқа және оның Расулына сорғаласа, ол жерде мейірімділік күшейіп, рухани болмысы жанданады».
«Ей, балам! Сенің де көзіңнен жас сорғаласын. Жан бағыңда гүлдер өссін. Көзіңнен жас ақсын десең, көзінен жас сорғалағандарға жанашырлық танытқайсың. Өзіңе жанашыр болсын, мархабатқа бөленейін десең, әлжуаздарға мархабат қылғайсың».
Мінеки, Хазіреті Пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Құдай мақтаған ең ұлы да ерекше мінез-құлқы осы еді. Яғни, ғаріптер мен жарлыларға қошемет көрсетуі еді.
Әбу Усама (радияллаһу анһу) былай деген екен:
«Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) айтқан сөзі Құран еді. Көп зікір салатын, Хұтпасын қысқа қайырып, намазын болса ұзақ оқитын-ды. Жарлы-бейшараға көмек көрсету үшін онымен бірге жүруге намыстанбайтын, керісінше ондай істерді қуана отырып орындайтын».
Сондықтан игі амал жасауға, көркем мінез-құлыққа ие болу үшін, сондай-ақ оған ие болғаннан кейін де оларды өз қалпында сақтап қалудың бірден бір жолы – көңіліміздің орны Кағбамызда Хазіреті Пайғамбарды (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзімізге имам тұтып, Ұлы Раббымызға шын көңілімізбен құлшылық жасау. Яғни, жүрегімізбен һәм іс-қимылымызбен Расулұллаһпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге бола білу.
Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұлы есімі көк пен жерде қалып, көңілімізде мәңгілік жасай береді. Сондықтан жүрегімізге дүниелік патшалар мен олардың сән-салтанаттарының атақ-абыройын емес, мәңгіліктің тағында отырған Аллаһтың сүйікті де теңдесі жоқ құлы – Хазіреті Мұхаммедтің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) есімі мен даңқын өшпес махаббат жазуымен нақыштауымыз керек. Рухани құндылығымызды сонда ғана сақтай аламыз. Құран Кәрімде Аллаһ Тағала: «(Ей, Расулым!) Сен олардың арасында жүргеніңде, Аллаһ оларға азап етуші емес» (Әнфал сүресі 33-аят) деген аятын мүшріктерге сілтеген еді. Бұл аяттың астарлы мағынасында Пайғамбарының қасиетті сипаттарын өз жүрегі мен көңіліне ұялатқан мүмин жандар үшін сүйіншілер мен үлкен сыйлықтар бар деген сөз. Демек, мүмин құлдың жүрегі неғұрлым Расулұллаһқа (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббатқа толса, соғұрлым Құдайдың кәріне ұшыраудан алыстаған болар еді.
Ұлы Аллаһ Хазіреті Пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген махаббатымыз бен оның көркем мінез-құлқын бойымызға сіңірсек, бізді өз азабына душар болудан қорғайды. Тіпті осы жалған дүние бастан-аяқ тұзақ болып, тауқыметке толы болса да біз үшін түк емес. Ал ішкі жан дүниеміз одан қалыс қалса, құрдымға кеткеніміз.
Ұлы Раббымыз, біздерді оған асқан махаббатпен қарайтын лайықты үммет қылғайсың! Мейірімділік аспанындағы «ұлы жаратылыс күнінің» сәулесінен жарық алып, жүрегіміз бен жүзімізді толған айдай жап-жарық қылғайсың! Әмин.
Досы да, дұшпаны да мойындады
Хазіреті Мұхаммедтің ұлы тұлғалығын мұсылмандар ғана емес, көзі ашық көкірегі ояу ынсапты басқа дін мен мәдениет өкілдері де мойындап бас иді.
«Ұлылардың ұлылығы немен өлшенсе өлшенсін, бірақ хазіреті Мұхаммедтің ұлылығынан ұлық пенде жоқ» (Ламартин).
«Біздер, Еуропа халықтары мәдениетіміз айрықша дамығанымен, хазіреті Мұхаммедтің ұлылығының ең бірінші сатысында ғана тұрмыз. Оған ешқандай шүбә келтіруге болмайды. Және бұдан кейін де одан ешкімнің аса алуы мүмкін емес» (Гете).
«...Егер дүниеде халықты дін қағидаларымен соңынан ерте білген біреу болса, ол – Мұхаммед. Ол ешқашан өзін асыра бағаламады. Пайғамбар болу еш күмәнсіз оған тән еді. Қазір оның өмірі мен асыл мұратын түсінген кім болса да оның ұлылығына бас иері сөзсіз» (А. Бесант).
«Егер қазіргі әлемді басқару құқы Мұхаммед секілді бір адамға берілетін болса, ол барлық мәселелерді майдан қыл суырғандай оп-оңай шешер еді және бұл шешімдер сондайлық тыныштық пен бақыт әкелер еді. Мен ертеңгі Еуропаның Мұхаммед дінін қабылдайтынын болжаймын, тіпті Еуропа оны қазірдің өзінде қабылдай бастады» (Б. Шоу).
«Әлемде өте ықпалды болған адамдардың тізімінің басына Мұхаммедті қоюым кейбіреулерді таңдандыруы мүмкін. Алайда тарихта, дүниелік әрі діни салада сөзсіз табысқа жеткен адам сол (Мұхаммед). Мұхаммедтің исламға жасаған жеке ықпалы Иса Мәсіх пен Павелдің бірге христиандыққа жасаған ықпалынан әлдеқайда артық. Діни және дүниелік ықпал етудің тарихта теңдессіз түрде бірлесуі Мұхаммедтің тарихтың ең ықпалды тұлға болуына жеткілікті» (М. Харт).
«Мұхаммед өте қысқа өмірде сол кезге дейін географиялық ауқымдылығынан басқа ештеңесі жоқ өлкеде сондай бір ұлық дін құрды. Бұл дін өте кең аймақтарда христиандық пен яһудиліктен озумен қатар, өте қысқа мерзімнің ішінде сол кездің мәдени аймақтарын қамтыған өте үлкен мемлекеттің негізін қалады» (П. Хитти).
«Мұхаммедтің мойнына алған міндеті мен миссиясы тек Аллаһқа және ғайып әлеміне өте терең иманы болған адамның бойында кездесетін таңғажайып күш пен өмір үлгісі» (Родвелл).
Бисмарк сияқты даңқты қолбасшы: «Ей, Мұхаммед! Сенің ғасырыңда тумағаныма қатты өкінемін. Адамзат Сен сияқты ерекше тұлғаны бір-ақ рет көрді. Бұдан кейін көре алмайды. Мен сенің алдыңда құрметпен бас иемін», – дейді.
Осындай көптеген тұлғалардың тізімін санамалап жалғастыра беруге болады. Шын мәнінде хазреті Мұхаммедтің өмірімен жете танысып, жүрек пен санаға тигізген әсерін ой елегіне салып зерделеген жан Оның пайғамбар екенін сөзсіз мойындайды.
Пайғамбарымыздың өмірі жайында мәліметтер көп-ақ. Олардың әуелгісі –Жаратушының жарлықтарын қамтыған қасиетті Құран Кәрім, содан кейінгісі –хадис кітаптары, «арабтардың архивы» саналған өлең-жырлар, пайғамбарымызды қатты жақсы көрген кісілердің өздерінен кейінгі буындарға мұра етіп жеткізген ауызша хабарлары. Соңғы Пайғамбар жайындағы негізгі қайнар көздер мен оқиғаларға куәлік еткен мәліметтердің мұншама көптігі одан бұрынғы және одан кейінгі ешбір тұлғада кездеспейді.
Адамзат тарихы ешқашан билеуші, даңқты жаулаушы, танымал реформатор, ұлы тұлғалардан кенде болған емес. Алайда олардың әрбірі өз саласында ғана көзге түскен. Ал осы қасиеттердің бәрінің бір ғана тұлғаның бойында жиналуы өте сирек оқиға. Алға қойған мақсаты толықтай жүзеге асып, ию-қиюы қашқан тайпалардан ірі мемлекет құрылғанын көзімен көрген тұлға – хазірет Мұхаммед қана.
Уақыт өткен сайын тарихта өмір сүрген мемлекет басшылары мен қоғам көсемдері жайлы естеліктер уақыттың қатпарында қалып шаңға көміліп жатса, жаңаша лебіздер мен хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілік күн сайын жаңарып, жаңғыра түсуде.
Салауат пен шапағат Оған (с.ғ.с.) дейміз!
Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып сәлем жолдау – имандылығымыздың белгісі. Өйткені Құранда Аллаһ «Шынында да Аллаһ пен Оның періштелері Пайғамбарға салауат жолдайды. Әй, иман келтіргендер, сендерде оған шын жүректен салауат айтып, сәлем жолдаңдар!» («Ахзаб» сүресі, 36-аят) деп бұйыруда.
Пайғамбарымыз да өзіне салауат айтудың маңыздылығын былайша білдіреді:
«Қиямет күнінде маған ең жақын болатын кісі – ең көп салауат айтқан адам» (Тирмизи. Салат, 357)
«Кім маған бір салауат оқыса, Аллаһ оған он рақым мен сый береді» (Нәсәи. Сәһу, 55).
«Жер бетін аралайтын Аллаһтың періштелері үмбетімнің салауаты мен сәлемін маған сол сәтте жеткізеді» (Нәсәи. Сәһу, 46).
Бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген сүйікті елші ең үлкен дұғасын ақыретке сақтаған. Ізіне ерген үмметіне ақыретте шапағат етеді. Біз жолдаған салауат пен сәлем күнәһар болған күннің өзінде Оның шапағат етуіне себепкер. Пайғамбарымыз өзі де «Менің шапағатым – үмметімнің арасынан ең үлкен күнә жасағандарға» деген жоқ па еді?! Ол үшін Пайғамбарымызға деген жүрегімізде сәл де болса махаббат болуы шарт. Аллаһ тағала біздің жүрегімізге терең иман, Пайғамбарымызға деген махаббат сыйлап, Оның үмбеті болуға лайық еткей. Ақыретте Оның желбіреген ақ байрағының астында жиналып, кәусар бұлағынан қана ішуді нәсіп етсін! Әумин!
28.03.2013, 10:20